2026 жылғы 13 ақпанда мемлекеттік инспекторлар А. Пугачев, Р. Омаров, Б. Бегешев және орман шебері Б. Касенбаев Некрасовка орта мектебінде «Заңсыз аңшылыққа жол жоқ!» тақырыбында семинар сабағын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіру, заңсыз аңшылықтың алдын алу және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Кездесу барысында оқушыларға жануарлар дүниесін сақтау, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерді қорғау мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Мемлекеттік инспекторлар заңсыз аң аулаудың табиғатқа тигізетін зардаптары, экожүйеге келтіретін зияны және қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылған жауапкершілік түрлері туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және биоалуантүрлілікті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, табиғатты қорғау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды. Ашық форматта өткен лекция оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың экологиялық сауаттылығын нығайтуға ықпал етті.
Мұндай тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар жас буынның табиғатқа деген жанашырлық сезімін қалыптастырып, заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.













