Мамыр айының 3-ші жұлдызы күні ЭАРТ бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Бұлақ көрсең – көзін аш!» экологиялық акциясы болып өтті. Аталмыш акцияда мемлекеттік инспекторлар, Үржар ауылының "Абылай хан атындағы орта мектеп-бақшасы " КММ-нің тәрбие ісінің меңгерушісі М.Р. Дандыбаеваның жетекшілігімен 6 Б сынып оқушылары, сондай-ақ Науалы ауылының Қ.Төлеубеков орта мектебінің 9 сынып оқушылары білек сыбанып іске кірісті.
Табиғат байлықтарының қымбатты түрлерінің бірі - су. Су - тіршілік көзі, сусыз өмір жоқ. Жалпы планетарлық деңгейде су сарқылмайтын ресурстарға жатады. Қазақта «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген сөз бар. Себебі, кәдімгі арналы өзендер, үлкен-үлкен дариялар осындай тұма-бұлақтардан бастау алады. Сондықтан акция барысында бұлақ көздері шөп-шаламнан, қиқым-қоқыстан тазаланды.
Қазіргі заманда сусырап отырған жоқпыз. Бірақ тұщы, мөлдір бұлақ суына жете ме? Даланың аң-құстары да ішіп, рахаттансын! Жалпы, ата-бабамыз әрқашанда табиғатты аялау, құрметтеу деген философиямен өмір сүрген. Бабаларымыз осы тәрбиені, тәлімді аға буынның бойына сіңірді. Енді ең бастысы осындай акциялар арқылы сол тәлім-тәрбиені өскелең ұрпаққа жеткізуіміз өте маңызды.