2020 жылдың сәуір айының 10-шы жұлдызында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Парктер шеруі» атты халықаралық табиғатты қорғау акциясы бойынша «Желі сайыстарының» ашық екенін арнайы жариялады.
Парктер шеруінің басты мақсаты - ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың проблемаларына халықтың, жұртшылықтың, өскелең ұрпақтың, мемлекеттік билік органдарының, кәсіпкерлердің назарын аудару және қоршаған ортаны қорғауға қатысуға шақыру, патриотизмге тәрбиелеу, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру болып табылады. Аталмыш акция Қазақстанда 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал біздің ұлттық паркіміз жаңадан ашылуына байланысты бұл акцияны 2019 жылдан бері атап өтуде.
Алайда қазіргі халық басына төнген КОВИТ-19 індетінің салдарынан бұл акцияны интернет желілері арқылы өткізуге мәжбүрміз. Осындай қиын-қыстау кезеңінде «Жалғыздың үні шықпайды, Жаяудың шаңы шықпайды» демекші, өлкеміздің табиғатын бәріміз жұмылған жұдырықтай бірге көркейтіп, өркендеуіне өз үлесімізді қосқанымыз абзал.
Жоғарыда айтылып кеткендей, сайысымыз бірнеше тармақтан тұрады. Солардың алғашқысы «Құстар – біздің досымыз!» отбасылар сайысы, яғни бұл сайыстың қатысушылары отбасылардан құралуы керек. Сайыстың мақсаты – құс ұясын әдемі және көрікті етіп жасап шығу. Аталмыш сайысқа ауданымыздың түпкір-түпкірінен оқушылар отбасыларымен бірге белсене атсалысты. Бұл тұста отбасының үлкендері балаларына ұя жасауды үйретіп қана қоймай, құстар табиғаттың керемет тіршілік иелері екенін ескертіп, құстардың барлық түрлеріне үнемі қамқорлық жасауға, қорғауға тәрбиелеуі қажет.
Қоршаған ортаның ластануынан, құстардың көптеген түрі жоғалу үстінде. Адамдардың серуені кезінде, құстардың ұяларын бұзып, құстарды үркітіп, мекен - жайларын ауыстыруға әкеліп соғады. Құстарды адамдардың досы екенін жете сезінбейді. Ал құстардың адамдардың шаруашылық әрекетіне пайда келтіретін тұстары айтпаса да белгілі. Құстар біздің жерден алатын азық - түлік өнімдерімізді құрттардың құртуынан, жәндіктердің жеуінен құтқарады екен. Біздің қорек ететін азығымыз құстардың арқасында молайып отырғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Құстар болмағанда жерден өсіп - өнетін азығымыз құрт - құмырсқаға жем болар ма еді. Тамағымыздың тоқ, көйлегіміздің көк болуына құстардың пайдасы зор екен. Құстарды адамдар ерте заманнан – ақ дос санаған. Себебі ертегілердің көпшілігінде адам басына қауіп төнгенде құтқарушысы, жақсылық жасап дәулет сыйлаушысы Бақыт құсы ылғи да кездесіп отырған. Сондықтан да халық аңыздарында қанатты достарымызды айлалы, ақылды етіп көрсеткен көрінеді. Бұл жұмыстарды бүкіл еліміздегі мектеп оқушылары қолға алып, жүзеге асырып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан да ұлттық парк мамандары халықты экологиялық тұрғыда ағартуды басты орынға қоямыз. Ал «Парктер шеруі» осы мақсатымызды іске асырудын бірден-бір жолы.
Экологиялық ағарту маманы, мемлекеттік инспектор: Әсем Көбенова.