2020 жылдың сәуір айының 17-ші жұлдызы күні «Парктер шеруі – 2020» табиғатты қорғау акциясы аясында белгіленген «Бүкіл Қазақстандық ағаш отырғызу күні» іс-шарасы аталып өтті. Акцияның басты мақсаты - тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру, ауылдарымыздың көгалдануына үлес қосу, ормандарды сақтау. Еліміздің басына төнген КОВИТ-19 індетінің салдарынан бұл акцияны ауқымды түрде өткізе алмадық десек те, ұлттық паркіміздің мемлекеттік инспекторларының әрқайсысы жақсы көңіл-күймен ағаш отырғызу технологиясын сақтай отырып, тұрғылықты жерлеріндегі ауылдық округ әкімшілігі мен үйлердің аулаларына көшет отырғызу игі ісін жасады.
Кейде күнделікті қарбаластың ішінде жүріп басқаларға жақсылық жасау үшін өте аз нәрсе керектігін ұмытып кетеміз. Бар болғаны - ағаш егіңіз, сонда туған жеріңізге деген сүйіспеншілігіңіз «жасыл бақ кейпінде» мәңгіге есте қалады.
Ағаш отырғызу арқылы біз тұрып жатқан жеріміздің табиғи ортасын қалыптастырамыз және осылайша қоршаған ортаны сақтауға, әрі жануарлар дүниесін қорғауға көмектесеміз. Өсімдік түрлерінің тізбегінде ағаштар негізгі тұйықтаушы буын, мүлтіксіз тірі жаратылыс болып табылады. Ағаштар тартылыс күштеріне бағынбайды, бұл үнемі жоғары қарай ұмтылатын жалғыз табиғи элемент. Олар өздерінің жапырақтарын қоректендіретін күнге баяу созылады, жарық энергиясын жұтады да оны жапыраққа айналдырады, көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөледі.
Болашағын ойлаған халық ағаш егеді. Осы егілген ағаштар келешекте қаулай өсіп, ұрпақтар игілігіне жарары сөзсіз. Сондықтан, оны күтіп, өсіріп, гүлдендіріп, өзімізге жайлы еткеннен ұтарымыз көп екенін естен шығармағанымыз абзал.
Орман шебері, мемлекеттік инспектор: Алмас Серикжанов