Ағымдағы жылдың 25 сәуірі күні ұлттық парк мамандары «Парктер шеруі» халықаралық табиғатты қорғау акциясының кезекті іс-шарасы «Табиғи сенбілік» өткізді.
Алдымен сол жерді жақсы білетін адамдардың айтуымен өзен бойын жағалап алғашқы бұлақ көзіне кезіккенде суы болар-болмас баяу ағып жатты. Мемлекеттік инспекторлар бұлақ көзін күрекпен тазалап, тастарын ала бастағанда-ақ суы өне бастады. Аздап лайы тұнғаннан соң, бұлақ суының дәмін татқанымызда мұп-мұздай тұщы су екендігіне көзіміз жетті.
Бұл акцияны өткізу өлкеміздің қоршаған ортасының экологиялық жағдайын жақсартады және акцияға қатысушы оқушылардың, жергілікті тұрғындардың туған жер табиғатын бағалай білуге, табиғат байлығы бұлақ көздерін қорғай білуге, елжандылыққа тәрбиелеу, өлкеміздің табиғи ресурстарын аялауға үлгі болатыны анық. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Таза өзен – таза жағалау» іс-шаралары ұлттық паркіміздің бастамасымен негізінен мұғалімдер мен оқушылардан құрылмақ болған. Алайда еліміздің басына төнген індет салдарынан бұл акцияға ұлттық паркіміздің мамандарының шағын тобы ғана атсалысып, тек ғаламтор желілеріне материалдарды жүктеу арқылы оқушылар арасында үнемі өздеріне берілген бұлақ көзін тазалау, оны ластамау, оны таспен бекітпей, су тазалығын сақтау жөнінде әңгімелер өткізуге тура келді.
Суды таза ұстау – оны қорғау деген сөз. Ата-бабамыз ұлттық дәстүрімізде суды қадірлеу, суды лайламау, суды сабамау, былғамау туралы өсиет сөздерді көп айтқан. Балаларға ата-анлары «Суды сабама – балығын шошытасың», «бұлақты лайлама – құсын кетіресің», «Өзің су ішкен құдығыңа түкірме» деп тоқтау сөз айтып тәрбиелеген. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп өсиет айтқан. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, ол суды адамдар тек ішу үшін ғана пайдаланбайды, егін, бау-бақша суаруға, мал шаруашылығына, өнеркәсіптің түрлі салаларына қолданылатындығынан да хабардар етпекпіз.
Қорыта келгенде, егер адам баласы келешекте барлық су көздері мен бұлақтардың экологиялық тазалығы мен тепе-теңдігін сақтаудың маңыздылығын білсе, оны игілігіне өмір бойы пайдаланады деген ойдамыз.
Акциямыздың мақсаты айқын, жұмыс жоспары жасалған. Еліміз басына төнген қатерден аман-сау шыққан соң, келер жылдан бастап басты мақсатты басшылыққа алып, іс-шараға сәйкес жаппай жұмылдырыла жұмыс істеп істейтін боламыз. Аудан көлеміндегі бұлақтардың тазалығын үнемі қалпына келтіріліп, «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Таза өзен – таза жағалау» іс-шараларын атап өту мектепішілік, тіпті жергілікті тұрғындармен тұрақты жолға қойылады. Басты мақсат - оқушыларымыз ауылымыздың тарихын терең түсініп, судың қажеттілігін сезініп, судың ысырапсыз пайдаланудың қажеттілігін сезінсе екен дейміз. Мұны оқушылар өздеріне бекітіліп берілген бұлақ көздерін тазалауға барғанда қатты сезінер еді деген ойдамыз.
Экологиялық ағарту маманы, мемлекеттік инспектор: Әсем Көбенова.