25-30 сәуір аралығында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Парктер шеруі» атты халықаралық табиғатты қорғау акциясы бойынша ашылған «Желі сайыстарының» кезекті іс-шарасы тұрмыстық қалдықтардан «табиғи мүсіндер» жасау сайысы өтті.
Бұл сайысты өткізуімізге бірнеше себеп бар. Бүгінде қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер. Бұл қатарда біз де бармыз. Біріншіден, тұрмыс қалдықтарын өндейтін технология жолға қойылмаған. Екіншіден, қажетті ресурстар тапшы. Үшіншіден, күнде өте үлкен көлемде қалдықтар шығады. Сонымен қатар, адамдар үйілген қоқыстың залалын, экологияға және өз денсаулықтарына тигізер қаупін толық сезінбейді. Өкінішке қарай, бізде халық экология дегенге назар аудармайды. Кейбір тұрғындар қоқысты арнайы орынға жеткізбейді. Кез келген жерге тастай салады. Адам баласының кез-келген шаруашылық әрекеті әр түрлі қалдықтармен биосфераны ластайды, бұл халықтың денсаулығы мен өміріне, флора мен фауна түрлерінің қысқаруына, қоршаған ортадағы тепе-теңдікке қауіп-қатер тудырады.
Біздің алға қойған міндетіміз де, мақсатымыз да – тіршілік ортасының тазалығын сақтау. Бұл адамдардың дұрыс жұмыс жасап, жақсы демалып және салауатты өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сол себепті, аталмыш акция барысында тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйлау үшін жұмыс түрлерін қарастырып және оны орындауды жоспарға қостық. Осындай мәліметпен ғаламтор желілері арқылы оқушыларды таныстырып, олармен керексіз заттармен не жасауға болатынын ойластырдық. Қалдықтарды пайдаға асыру үшін қазіргі заманға сай жаңа технологияларды пайдалана отырып, шығармашылық жұмыстар арқылы мақсатқа жетуді көздедік. Аталмыш іс-шараға Үржар ауданына қарасты орта мектептер мен Үржар аудандық балалар шығармашылық үйінің оқушылары қуана атсалысты. Олар тұрмыстық қалдықтар қатарына жататын бірнеше заттарды құнды шикізат көздеріне айналдырып, көз тартымды, заманауй қолөнерлер жасап шықты.
Қолөнерлерге үңілсек, нәтижесінде оқушылардың шығармашылық қабілеттері дамып, үйге пайдалы заттар жасағанын аңғарамыз. Осы мақаламның соңында еңбектенсең, жоқ нәрседен үлкен жұмыс шығаруға болатынына көзім жетті. Әр түрлі қалдықтарды пайдалана отырып, тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасауға болады екен. Осы арқылы балалар өздерінің айналасындағы әлемнің алдында жауапкершілігін сезініп, экологиялық тәрбиеленеді. Ал, қоршаған ортаның тазалығы бірінші кезекте ауладан, әр отбасыдан басталады. Олай болса, ұқыпты болу өз қолымызда екенін ұмытпайық!
Экологиялық ағарту маманы, мемлекеттік инспектор: Әсем Көбенова.