Оқушыларға бейнелеу өнері пәнін оқытуда сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырудың маңызы зор. Оқу бағдарламасына сай күнделікті сабақта алған білімін сыныптан тыс жұмыстарда жетілдіру – оқушының білімін тереңдетіп, сурет салу икемділігі мен бейнелеу қабілетін дамытады, тіпті қоршаған ортаға деген оң көзқарастарын оятады. Осындай сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылатын жұмыстардың бірі – «Сырлы бояу» атты сурет сайысы.
30 сәуір мен 4 мамыр аралығында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Парктер шеруі» атты халықаралық табиғатты қорғау акциясы бойынша ашылған «Желі сайыстарының» кезекті іс-шарасы көркем өнер шеберлерінің сайысын өткізді. Бұл байқауда «Үржар аумағының ерекше әсем табиғаты», «Қоршаған орта – баланың көзімен», «Қызыл кітаптың беттері» номинациялары бар екендігі ұлттық паркіміздің желілерінде жарияланған болатын. Ондағы мақсатымыз – суреттегі кескіннің арқасында біздің аймақтың әсем де әсерлі табиғи ландшафттарын суреттеу, адамдардың санасында олардың табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін ояту.
Бұл сайысты таңдап алуымызға бірнеше себеп бар. Сурет - жеке бір өнер саласы емес, бірнеше өнер түрінің өмірге келуіне себепкер болған бүкіл бейнелеу өнерінің атасы. Бұл адам баласының заманнан заманға рухани, эстетикалық байлығы ретінде ұласып келе жатқан өнер саласы. Екіншіден, сурет тарихы - бұл адамзат тарихы және оның қоршаған ортаны тануына, өзін-өзі толығымен танып білуіне, эстетикалық тәрбие алуына, сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа асыл мұралар қалдыруға үлкен үлес қосқан өмірмен өзектес өнер.
Осы сайыста оқушылар қолдарына қылқаламдарын алып, өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылып, ақ қағазға түсірген. Көпшілігі «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарларды таңдап, анималисттік жанрда сурет салған. Осы тұрғыдағы тәрбиелілік – оқушыларды бейнелеу өнеріне баулу арқылы қоршаған ортаның әсемдігін, тамашалығын сезінуге тәрбиелеу, білімділік – қоршаған ортадан өзіне ұнаған жанрды таңдау арқылы сурет салу шеберлігін жетілдіру, дамытушылық – ой-өрісін, танымын, қиялын күшейту және есте сақтау, елестету қабілетін дамыту десек те, ең бастысы өскелең ұрпақтың қоршаған ортамен байланысын арттыру еді, яғни суретті күнделікті өмірмен байланыстыру, өмірдегі табиғат көріністерін қағазға бейнелеу. Сайыс оқушыларға оң нәтиже берді деген ойдамыз.
Экcкурсия жетекшісі, мемлекеттік инспектор: Тоқтасынұлы Дәулет.