Жануарлардың көші-қоны, негізінен, климаттық өзгерістерге, қорек тапшылығына және көбею кезеңіне байланысты жүзеге асады. Қыстың суығында көптеген аңдар Тарбағатай тауынан Қарабас тауына және Үржар, Қатынсу, Еміл өзенінің аңғарларына қарай жылжиды. Ал көктем мен жаз мезгілдерінде олар қайтадан таулы аймақтарға көтеріледі.
Ұлттық паркте арқар, елік, қасқыр сияқты аңдар жиі қоныс аударады. Құстардан аққу, қаз, тырна сияқты түрлердің маусым сайын көктемгі ұшуын байқауға болады. Қазіргі таңда бірқатар аңдардың санының өсуін байқауға болады. Соның ішінде арқар өткен жылмен салыстырғанда 306-дан 315-ке, елік 207-ден 212-ге, марал 72-ден 78-ге, бұлан 38-ден 43-ке өскен.
Көші-қон үдерісі табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Ол жануарлардың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өсімдіктер жамылғысының қалпына келуіне және жануарлар арасындағы табиғи байланыстың сақталуына ықпал етеді. Тіршілік ету ортасында азықтық қордың жеткілікті болуын қамтасыз ету үшін мемлекеттік инспекторлар жоспарлы түрде биотехниялық іс-шаралар жүргізіп, заңсыз аң аулау фактілерін болдырмау үшін аумақта рейдтік жұмыстар атқарады.
Бүгінде Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жануарларды қорғау және олардың еркін көші-қонын қамтамасыз ету бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Мамандар тұрақты түрде бақылау жүргізіп, сирек кездесетін түрлерді сақтау жұмыстарын жүзеге асыруда.
Қорытындылай келе, Тарбағатай өңіріндегі жануарлардың көші-қоны – табиғаттың маңызды құбылыстарының бірі. Оны сақтау – келер ұрпақ алдындағы ортақ міндет.
Аңшылықтанушы: Нұршайықов Б.
Охотовед: Нуршайыков Б.













