2026 жылдың 30 сәуірі күні өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі” РММ мен Үржар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен ұлттық парк мекемесінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – орман және дала өрттерінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту және өзара іс-қимылды үйлестіру болды.
Кездесу барысында мамандар өрт қауіпті маусымға дайындық деңгейін талқылап, ықтимал тәуекелдерді азайту жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, табиғи аумақтарда өрттің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді.
Қатысушылар орман қоры аумағында бақылауды күшейту, патрульдік рейдтерді жиілету, сондай-ақ заманауи техникалық құралдарды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, төтенше жағдай туындаған жағдайда мекемелер арасындағы жедел байланыс пен үйлесімді әрекет ету алгоритмдері пысықталды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар алдағы кезеңде бірлескен іс-шараларды жалғастырып, табиғи өрттердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуге келісім жасасты. Сонымен қатар, Үржар ауданы аумағында өрт қаупі маусымына байланысты бірлескен оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастырып, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруды жоспарлады.
Мәтінін жазған: Орман қорғау инженері Мұрат Малгельдинов.
Видеоны әзірлеген: Баспасөз хатшысының у.м.а. Әсем Көбенова.













