2026 жылдың 13 мамыры күні “Тарбағатай” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бастамасымен орман өртінің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мақсатында арнайы оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шара “Төтенше жағдайға (табиғи өртке) ден қою кезінде уәкілетті органдар мен ұйымдарды басқару және олардың өзара іс-қимылы алгоритмін бекіту туралы” ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде өткізілді.
Оқу-жаттығу “Тарбағатай” МҰТП” РММ директоры Серкебаев Айдын Серікұлының бастамасымен жүзеге асырылып, табиғи өрт кезінде мекемелер арасындағы өзара іс-қимыл мен жедел әрекет ету жұмыстары пысықталды.
Іс-шара барысында шартты орман өртіне ден қою, өртті дер кезінде оқшаулау, арнайы техникаларды пайдалану және алғашқы медициналық көмек көрсету әрекеттері тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Оқу-жаттығуға ұлттық парк қызметкерлері, Үржар аудандық әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық емхана қызметкерлері, ауылдық округ әкімдіктері мен тиісті мекемелердің мамандары мен аудандық энергетикалық сервис АҚ қызметкерлері жұмылдырылды. Жалпы саны 82 адам қатысты.
Шараға барлығы 21 техника қатысты. Атап айтқанда, 4 бірлік УАЗ автокөлігі, 3 дана МТЗ-82.1 тракторы, 1 УАЗ Hunter автокөлігі, 2 дана АЦ-1,6-40 өрт сөндіру көлігі, 3 дана шағын орман өрт сөндіру кешені (МЛПК), АЦ 4 бірлік, ВАЗ Нива 1 дана, Нива 5 дана, УАЗ 2 дана және 2 дана МТЗ-82.1 өрт сөндіру тіркемесі пайдаланылды.
Сонымен қатар, өрт сөндіру құралдары толық, оқу-жаттығу барысында 28 дана отқаққыш пен 28 дана РЛО қолданылды.
Мұндай тәжірибелік шаралар табиғи өрттердің алдын алуға, төтенше жағдай кезінде мекемелердің үйлесімді әрекет етуіне және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Баспасөз хатшысының у.м.а. Ә. Көбенова.













