2026 жылдың 5 маусымы күні Астана қаласындағы Министрліктер үйінде Эколог күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған шара барысында Абай облысы, Үржар ауданының тұрғыны, Абылайхан атындағы орта мектеп-бақшасының 10-сынып оқушысы, «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жас орманшылар одағының мүшесі Сқақ Ернұр Еркінұлы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ернұр табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және «Мектеп орманшылығы» үйірмесінің жұмысына белсенді қатысқаны үшін жоғары бағаланды. Бұл марапат оның қоршаған ортаны қорғау бағытындағы еңбегі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігінің нәтижесі болып табылады.
Жас орманшы мектеп қабырғасында жүріп-ақ табиғатты қорғау ісіне өз үлесін қосып келеді. Ол ұлттық парк ұйымдастыратын экологиялық акцияларға, ағаш отырғызу шараларына, табиғатты қорғау және экологиялық ағарту жұмыстарына тұрақты түрде қатысып, қатарластарына үлгі болып жүр.
Мұндай жетістіктер жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Ернұрдың жетістігі – тек өзінің ғана емес, ұстаздарының, ата-анасының және «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жас орманшылар одағының ортақ жетістігі.
Жас табиғат жанашырын марапатымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да табиғатты қорғау жолындағы еңбегіне та быс пен жаңа жетістіктер тілейміз!
Экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімі.













