«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында табиғи ресурстарды қорғау және орман қорын сақтау мақсатында заңсыз ағаш кесудің алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Орман – табиғаттың баға жетпес байлығы. Ол қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтап, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ортасы болып табылады. Ағаштарды заңсыз кесу орман экожүйесіне орасан зиян келтіріп, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына, топырақ эрозиясына және биоалуантүрліліктің азаюына әкеледі.
Осыған байланысты ұлттық парк инспекторлары орман алқаптарында патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру шараларын өткізуде. Азаматтарды табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарап, заңсыз ағаш кесу фактілері анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлауға шақырамыз.
Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Орманды бүгін сақтасақ, келер ұрпаққа жасыл байлықты аман жеткіземіз.
Заңсыз ағаш кесу үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Автор: Бақты орманшылығының мемлекеттік инспекторы Қуаныш Толубаев.













