Орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи кешендерді сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Бақты орманшылығының мемлекеттік инспекторлары Асхат Ахметбеков, Медет Исаев, Құрманғазы Диқанбаев және Қуаныш Толубаев «Талды» шекара заставасының басшысы Данияр Жаңбырбаевпен бірлесіп «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында рейдтік іс-шара жүргізді.
Рейд барысында егіншілер мен малшыларға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, орман және дала өрттерінің алдын алу жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ азаматтарға арнайы жадынамалар мен бүктемелер таратылып, табиғат аясында отты абайлап пайдалану қажеттігі ескертілді.
Қатысушыларға егістік алқаптары мен жайылымдық жерлерде құрғақ шөпті өртеуге жол бермеу, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау және төтенше жағдай туындаған жағдайда тиісті қызметтерге дереу хабарлау қажеттігі түсіндірілді.
Бірлескен рейд барысында парк аумағына бақылау жүргізіліп, өрт қаупі бар учаскелер назарға алынды.
Рейд қорытындысы бойынша аумақтағы жағдай тұрақты екендігі анықталды. Тексеру кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзу фактілері мен төтенше жағдайлар тіркелген жоқ.
Табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау арқылы біз қоршаған ортаны және ұлттық байлығымызды келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз!
Мемлекеттік инспектор: Құрманғазы Диқанбаев.













