Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің таулы аумағында табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Рейдке Үржар орманшылығының мемлекеттік инспекторлары Шалқар Қоштаев пен Ерлан Түсіпбеков қатысып, үш күн бойы таулы аймақта қызмет атқарды.
Іс-шара барысында шалғайдағы шаруа қожалықтарына өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарының жүргізілгенін растайтын журналға қол қойғызылды.
Рейд барысында мемлекеттік инспекторлардың қозғалыс бағыты GPS навигациялық жүйесі арқылы тіркеліп, патрульдеу маршруты толық бақылауда болды. Бұл жүйе инспекторлардың жүріп өткен бағытын нақты көрсетуге, рейдтің қамту аумағын бақылауға және қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Рейд қорытындысы бойынша табиғат қорғау заңнамасы мен өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу деректері анықталған жоқ.
Табиғатты қорғау – ортақ міндет. Әрбір азаматтың табиғатқа жанашырлықпен қарауы қоршаған ортаның сақталуына және табиғи байлықтың келер ұрпаққа аман жетуіне негіз болады.
Авторы: Үржар орманшылығының мемлекеттік инспекторы Шалқар Қоштаев.













