Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орнатылған фототұзақтар тағы бір ерекше сәтті тіркеді. Ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік инспекторлармен бірлесе орнатқан фототұзақ объективіне түз тағысы – қасқыр (Canis lupus) түсіп, табиғаттың төл тіршілігін айқын көрсетті.
Қасқыр – Тарбағатай экожүйесіндегі маңызды жыртқыштардың бірі. Ол табиғи тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарып, жабайы жануарлар популяциясының табиғи жолмен реттелуіне ықпал етеді.
Сондықтан бұл жыртқыштың табиғи ортада еркін мекендеуі өңірдегі экожүйенің тұрақтылығы мен биоалуантүрліліктің сақталғанын білдіреді. Фототұзақтар арқылы алынған мұндай деректер ұлттық парк аумағындағы жануарлар дүниесін зерттеуге және қорғау шараларын тиімді ұйымдастыруға маңызды үлес қосады.
Биолог-мемлекеттік инспектор: С.Мәженова
Орман шебері: Ә.Көксегенов













