«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — табиғи байлығы мен жануарлар дүниесі алуан түрлі ерекше қорғалатын аумақ. Парк аумағында мекендейтін тұяқты жануарлардың бірі — қабан (Sus scrofa).
Қабан — табиғи ортаға жақсы бейімделген, төзімді әрі сақ жануар. Ол көбіне тоғайлы, бұталы, қамысты және су көздеріне жақын жерлерді мекендейді. Қорек іздеу кезінде топырақты қопсытып, табиғи экожүйедегі үдерістерге өзіндік үлесін қосады.
Қабандардың тіршілігі табиғаттағы тепе-теңдікпен тығыз байланысты. Олардың мекендеу ортасын сақтау — жабайы жануарлардың табиғи популяциясын қорғаудың маңызды бағыттарының бірі.
Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында жануарлар дүниесін бақылау және мониторинг жүргізу, фототұзақтар арқылы жабайы аңдардың табиғи тіршілігін зерттеу жұмыстары атқарылуда. Мұндай жұмыстар жануарлардың қозғалысын, мекендеу ерекшеліктерін және табиғи ортадағы жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Автор: аңшылықтанушы Жақманов Мерхат.













