2026 жылдың 5–7 тамыз күндері «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өсімдіктердің генетикалық ресурстарын жинау және зерттеу бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Г.Т. Ситпаеваның жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Экспедиция жұмыстарына Н.И. Вавилов атындағы Бүкілресейлік өсімдік генетикалық ресурстарын зерттеу институты – федералдық мемлекеттік бюджеттік ғылыми мекемесінің қызметкерлері, Ресей Ғылым академиясының В.Л. Комаров атындағы Ботаника институтының бас ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының докторы, профессор В.И. Дорофеев, сондай-ақ Алтай мемлекеттік университетінің Оңтүстік-Сібір ботаникалық бағының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор А.И. Шмаков қатысты.
Экспедиция барысында ұлттық парк аумағындағы өсімдіктердің популяциялары мен генетикалық ресурстары жиналып, олардың қазіргі жағдайына мониторинг жүргізілді. Мамандар өсімдік түрлерінің таралу ерекшеліктерін, табиғи популяцияларының жағдайын және генетикалық ресурстарының маңыздылығын жан-жақты зерделеді.
Жиналған ғылыми материалдар алдағы уақытта өсімдіктер дүниесінің алуан түрлілігін зерттеуге, сирек кездесетін және құнды өсімдік түрлерін сақтауға, сондай-ақ олардың генетикалық қорын қорғау бағытындағы ғылыми жұмыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Осындай ғылыми экспедициялардың жүргізілуі «Тарбағатай» ұлттық паркінің аумағындағы биоалуантүрлілікті сақтау, табиғи өсімдік жамылғысын зерттеу және өсімдіктердің генетикалық ресурстарын келешек ұрпақ үшін қорғау ісінде маңызды рөл атқарады.
Автор: Ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Баян Садоқова













