Құрғақ әрі ыстық ауа райына байланысты «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өрт қаупі 5-класс – өте жоғары деңгейге жетті. Мұндай кезеңде табиғи аумақта өрттің шығу қаупі артып, болмашы абайсыздықтың өзі үлкен өртке ұласуы мүмкін.
Өрт – орман мен дала экожүйесіне орасан зор зиян келтіретін қауіпті табиғи апаттардың бірі. Оның салдарынан өсімдіктер жамылғысы жойылып, жабайы жануарлардың мекен ету ортасы бұзылып, құстар мен басқа да тіршілік иелеріне қауіп төнеді. Сонымен қатар өрт ұлттық парктің табиғи байлығына, ерекше қорғалатын аумақтарға және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Осыған байланысты ұлттық парк аумағында жүрген барлық азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз.
Өрттің алдын алу үшін:
орманды және дала аумағында от жақпау;
сөндірілмеген темекі тұқылын жерге тастамау;
құрғақ шөп пен өсімдік қалдықтарын өртемеу;
қоқысты жағуға жол бермеу;
көлік құралдарын құрғақ шөп басқан жерлерге қоймау;
шыны бөтелке және басқа да жанғыш немесе өрт қаупін арттыратын заттарды табиғи аумақта қалдырмау;
от жағылған жағдайда оны толықтай сөндіріп, қауіпсіздігіне көз жеткізу қажет.
Ұлттық парк қызметкерлері өрт қаупі жоғары кезеңде табиғи аумақтарға тұрақты бақылау жүргізіп, рейдтік-патрульдік жұмыстарды күшейтуде. Өрттің алдын алу мақсатында тұрғындар мен табиғатқа келушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде ескертулер берілуде.
Егер табиғи аумақта түтін немесе өрт белгілерін байқасаңыз, жағдайды назардан тыс қалдырмай, тиісті қызметтерге дереу хабарлау қажет. Өртті ерте анықтау – оның таралуына жол бермеудің маңызды шарттарының бірі.
Табиғат – баршаға ортақ байлық. Оның қауіпсіздігі тек табиғатты қорғау қызметкерлеріне ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты.
Сақтық шараларын сақтайық, табиғи байлығымызды бірге қорғайық!
Мақаншы орманшылық басшысының көмекшісі Шакиров Ержан.













