Орман ресурстарын қорғау және зиянды жәндіктердің популяциясын табиғи жолмен реттеу мақсатында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында құстардың мекендеуіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Қарабұйрат орманшылығының 15-ші айналымы, 30-орам, 14-телімінде құстардың ұя салуына жағдай жасау мақсатында 4 дана арнайы құс ұясы дайындалып, орман аумағына орнатылды.
Құстар – орман экожүйесінің маңызды бөлігі. Олар көптеген зиянды жәндіктермен қоректеніп, олардың санын табиғи жолмен реттеуге ықпал етеді. Осы арқылы орманның биологиялық тепе-теңдігін сақтауға және ағаштардың зиянкестерден қорғалуына жағдай жасалады.
Аталған жұмыстарға мемлекеттік инспекторлар Р. Оспанов, А. Пугачев, К. Құсайынов, Н. Нұрмұханов, Б. Бекполатов және орман шебері Р. Омаров қатысты.
Табиғатты қорғау – тек оны күзету емес, оның табиғи тепе-теңдігін сақтауға жағдай жасау. Құстарға жасалған әрбір ұя – орманның болашағына жасалған маңызды қадам.













