Абай облысы, Аягөз ауданында өрт қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілді
Абай облысы Аягөз ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты, Қарабұйрат орманшылығына шекаралас орналасқан Желді қара учаскесінде өрт шықты. Өрттің таралу бағыты «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи аймаққа қауіп төндірді.
Өрт туралы ақпарат түскен бойда «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өрт сөндіру стансасының қызметкерлері, мемлекеттік инспекторлар және басқа да мекеме қызметкерлері шұғыл түрде жұмылдырылып, өртті ауыздықтау және оның парк аумағына таралуына жол бермеу бойынша жедел жұмыстар атқарды.
Өртті сөндіру жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, 1 өрт сөндіру техникасы, 1 МЛПК және 1 «УАЗ» автокөлігі пайдаланылды.
Бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде өрттің әрі қарай таралуына жол берілмей, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа төнген қауіптің алдын алынды. Мамандар өрт ошағын бақылауға алып, қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Табиғи аумақтарды өрттен қорғау — қоршаған ортаны сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай жағдайда қызметкерлердің жедел әрекеті, өзара үйлесімді жұмысы және жауапкершілігі ерекше маңызға ие.
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі табиғи кешендерді, орман қорын және жануарлар дүниесін қорғау мақсатында өрт қауіпсіздігі шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Автор:
Өрт сөндіру стансасының бастығы
Елдос Күлетбаев













