2026 жылғы 19 қыркүйекте «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторлары Гергенрейдер К. және Увалиев А. Республикалық аңшылық зоологиялық өндірістік бірлестіктің қызметкерлерімен бірлесіп, ұлттық парк аумағында рейдтік іс-шара өткізді.
Рейд барысында сағат 00:10-да Subaru маркалы автокөлік тоқтатылып, көлік ішінде Қазақстан Республикасының төрт азаматы болғаны анықталды. Тексеру кезінде азаматтардан атыс қаруы табылды.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасының қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.
Барлығы төрт бірлік қару анықталды. Оның ішінде ИЖ маркалы бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшылық қаруына конструкциялық өзгеріс енгізіліп, 7,62×39 мм калибрлі ойық ұңғылы қаруға бейімделгені анықталды. Сонымен қатар тегіс ұңғылы аңшылық қаруы да анықталды.
Аталған фактілер бойынша азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шаралар қабылданды. Жинақталған материалдар тіркеліп, заңнамада белгіленген тәртіппен одан әрі қарау үшін жолданды.
Мемлекеттік инспекторлар ұлттық парк аумағында табиғи кешендерді қорғау, заң бұзушылықтардың алдын алу және анықтау, сондай-ақ белгіленген режимнің сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.
Табиғи аумақтарды қорғау – белгіленген құқықтық режимнің сақталуын қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды қорғауға бағытталған кешенді міндет.













