Орман шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақшоқы ауылдық округінің әкімі Ы. Саржанов «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бірқатар қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Табиғатты қорғау жолындағы табанды еңбектері мен жоғары жауапкершіліктері үшін ұлттық парк мамандарына ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Ақшоқы ауылдық округі аумағында орын алған өрттерді сөндіруге бірнеше рет қатысып, ел қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауға зор үлес қосқан қызметкерлердің еңбегі атап өтілді.
Сонымен қатар, Бахты орманшылығының мемлекеттік инспекторы А. А. Ахметбековке, жедел топ жетекшісі Б. М. Касенбаевқа және жедел топ инспекторлары Н. Т. Макаулов пен Б. Н. Бегешовке түнгі уақытта ауылдық округ аумағында орын алған ұрлық фактісін анықтап, қылмыстың ашылуына ықпал еткені үшін алғыс білдірілді.
Табиғатты қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ел игілігі жолында адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін абыройлы міндет. Осындай маңызды істерде белсенділік танытып, өз қызметтерін жоғары деңгейде атқарып жүрген мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Барша орман шаруашылығы саласының қызметкерлеріне мықты денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс пен толағай жетістіктер тілейміз! Табиғат қорғау жолындағы игі істеріңіз жемісті болсын!
Авторлар:
Кәсіподақ ұйымының төрайымы С. Мәженова
: биолог-мемлекеттік инспектор А. Долдашева













