2025 жылдың 29 шілдесі күні «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторлары мен Бестерек ауылдық округі әкімдігі бірлесіп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырды. Шараға Бестерек ауылдық округінің әкімі Д.Сағанаев пен округ қызметкерлері де белсене қатысты.
Сенбілік жұмыстары Ақтоғай өзенінің бойында өткізілді. Бұл аумақ — табиғи сұлулығымен көз тартатын ерекше аймақтардың бірі. Алайда соңғы уақытта адамдардың жауапсыз әрекеттерінен бұл өңірде тұрмыстық қалдықтар көбейіп кеткен. Осыны ескерген жергілікті билік пен табиғат қорғаушылары жұмыла әрекет етіп, табиғатты қалпына келтіруге өз үлестерін қосты.
Жалпы 0,7 гектар әкімшілік аумақ тазаланып, 2 тоннаға жуық қоқыс арнайы полигонға шығарылды. Іс-шараға қатысқан 10 адам табиғатты аялаудың маңызын тағы бір мәрте ұғындырды.
Мұндай акциялар — қоршаған ортаны қорғауға бағытталып қана қоймай, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға жол ашатын игі қадам. Табиғатты таза ұстау — әр азаматтың борышы екенін ұмытпайық.
Экологиялық ағарту инженері: Ә.Көбенова.