Қазіргі таңда табиғатты қорғау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Осы бағытта еңбек етіп жүрген мекемелердің бірі – “Тарбағатай” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Мақаншы орманшылығы. Күзгі мезгілде жабайы жануарлардың қысқы кезеңге дайындалуына жағдай жасау мақсатында орманшылар биотехниялық іс-шараларға белсене кірісіп отыр.
Атап айтқанда, орманшылық мамандары жабайы жануарларды қысқы азықпен қамтамасыз ету үшін алдын ала қор жинап жатыр. Қазіргі уақытқа дейін 7 келі тұз және 550 дана бұтақты азық (веточка-корм) дайындалып қойылды. Бұл – жануарлардың ағзаға қажетті минералдар мен дәрумендерді жеткілікті түрде алуына септігін тигізетін маңызды қадам.
Сонымен қатар, жабайы аңдарға арналған азық пен тұзды қоюға арналған арнайы құрылғылар – науалар да назардан тыс қалмады. Орманшылардың өз қолымен жасалған 9 дана науа таулы және орманды аймақтарға орнатылды. Бұл – олардың кәсіби біліктілігін, табиғатқа деген жанашырлығын көрсететін жарқын мысал.
Мақаншы орманшылығының қызметкерлері бұл жұмыстардың барлығын табиғатты қорғау және экожүйенің тепе-теңдігін сақтау мақсатында атқарып отыр. Олар үшін әр аң мен құстың амандығы – үлкен жауапкершілік пен жүрек қалауынан туындайтын жұмыс.
– Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан оның әрбір мүшесіне қамқор болу – басты міндетіміз. Қыстың қақаған аязында жабайы жануарларға аз да болса көмек беру арқылы біз олардың өмірін сақтап қалуға үлес қосамыз, – дейді орманшылық басшысының көмекшісі.
Айта кету керек, мұндай іс-шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде өңірдегі биоәртүрлілікті сақтауға, орман экожүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мақаншы орманшылығының табиғатты аялауға бағытталған бұл еңбегі көпке үлгі болары сөзсіз. Алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын таба береді деп сенеміз.
Мақаншы орманшылық басшысының көмекшісі: Ержан Шакиров.