2025 жылғы 10 қыркүйек күні, Дүниежүзілік туризм күніне орай, Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ЭАРТ бөлімінің экскурсия жетекшілері Ж.Сакиева мен Д.Баяхметов «Б. Жүнісов атындағы орта мектеп-бақша» КММ-нің 10-сынып оқушыларына арналған «Қарабас» туристік маршруты бойынша танымдық экскурсия ұйымдастырды.
Бұл шараның мақсаты – оқушылардың туған өлкенің табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттырып, экологиялық және патриоттық тәрбиені күшейту.
Экскурсия барысында оқушылар Қарабас шатқалындағы тарихи маңызы зор петроглифтерді тамашалап, қола дәуірінен сақталған археологиялық мұралармен танысты. Сонымен қатар, өткен ғасырдың ІІХК (НКВД) кезеңінен қалған мөрдің тарихы туралы тың мәліметтерге қанықты.
Тарих пен табиғат тоғысқан бұл бағыт балалардың ерекше ықыласын тудырды. Олар ежелгі тас бетіндегі суреттердің маңызын түсініп, тарихи орындарды көзбен көріп, тың деректер алды.
Экскурсия соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісіп, жетекшілерге шынайы алғыстарын білдірді. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың туған елге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастырады.
Экскурсия жетекшісі: Жансая Сакиева.