Үржар орманшылығына қарасты 6-шы мастерлік учаскеде орман өрттерінің алдын алу мақсатында арнайы жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ұлттық парк техникаларының көмегімен минералды жолақтар тартылып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде.
Минералды жолақ – орман өртінің таралуын шектеуде маңызды рөл атқаратын қорғаныс тәсілдерінің бірі. Ол жанғыш өсімдік жамылғысын жою арқылы оттың бір аумақтан екінші аумаққа өтуіне тосқауыл болады. Осыған байланысты аталған жұмыстар дер кезінде әрі сапалы орындалуда.
Сонымен қатар, орман алқаптарында өрттің алдын алу бойынша мемлекеттік инспекторлармен тұрақты бақылау жүргізіліп, қауіпті кезеңде сақтық шаралары күшейтілуде.
Мұндай алдын алу жұмыстары табиғи байлықты сақтауға, орман экожүйесін қорғауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Орман – елдің баға жетпес байлығы, сондықтан оны қорғау баршамыздың ортақ міндетіміз.
Мәтін: Үржар орманшылық басшысының көмекшісі Мақпал Аманғазы;
Видео: Баспасөз хатшысының у.м.а. Әсем Көбенова.













