2006 жылдан бастап жыл сайын Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы (АСБК) мен Қазақстанның құстарды қорғау одағы "Жыл құсы" науқанын өткізеді. Науқанның мақсаты - халықтың назарын құстарға және оларды сақтау мәселелеріне аудару. Құсты таңдағанда сирек кездесетін түрлерге басымдық беріледі, ал биылғы жылы ҚР Қызыл кітабына енгізілген көк құс таңдалды.
Көкқұс, (Myophonuscaeruleus) — қарасайрақ тұқымдасының бір түрі. Ол Қазақстанның оңтүстігіндегі тау өзендерінде мекен етеді. Сыртқы жағынан ол кәдімгі қара сайраққа ұқсайды, бірақ одан сәл үлкенірек. Денесінің жалпы ұзындығы шамамен 32 см, қанатын жайғандағы ұзындығы 45-50 см, салмағы 130-195 г. Түсі қара-көк, артқыжағында, басында және кеудесінде күміс-күлгін жылтырлығы бар. Күн сәулесі түскенде, қауырсындары көк түстің барлық реңктерін беріп жарқырайды, сондықтан ол көк құс аталып кеткен. Ол ұсақ балықтармен, жәндіктермен және кесірткелермен қоректенеді. Ол көбінесе тау ағындарының жанында ұя салады. Ұяға әдетте сырты ақшыл, қызыл-қоңыр дақ түскен 4-5 жұмыртқа салады.
Кез-келген құс сіздің қамқорлығыңызды қажет етеді, әсіресе қыста жем таба алмай қиналғанда. Сондықтан қолымыздан келгенше құстарға оңтайлы жағдай жасап, күтім көрсетуіміз керек.
Ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің м.а. Зарина Тюркер.