Сәуір айының 26-сы күні Абай облысы, Аягөз қаласында «Семей орманы» МОТР «Тау-Дала» филиалының Аягөз орманшылығымен ұйымдастырылған «Парктер шеруі – 2023» халықаралық табиғатты қорғау акциясының ашылу салтанаты ауқымды түрде өтті.
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Экологиялық ағарту, рекреация және туризм және Табиғи кешендер мен объектілерді өсіру және табиғатты пайдалану бөлімдерінің қызметкерлері аталмыш акцияның қонағы болдық. Экологиялық акцияға жергілікті 11 мектептің оқушылары ұстаздарымен, жергілікті атқарушы ұйымдар және «Семей орманы» резерватының мемлекеттік инспекторлары қатысты. Қаланың орталық алаңына экологиялық мәселелерге бей-жай қарамайтын 300-ден астам адам жиналды.
Дәстүр бойынша іс-шара экологиялық акцияны қолдау туралы лозунгтар мен плакаттар ұсталынған салтанатты шерумен басталды. Сосын жас өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт болды. Экологиялық акция аяқталар алдында «Семей орманы» МОТР бас директорының у.м.а. Байжан Мұсақановтың алғыс хатын алып, ағаш отырғызу акциясына қатысып, өзіміз апарған ағаш көшеттерін отырғызып қайттық.
Сондай-ақ, ағаш көшеттерін отырғызу кезінде Экологиялық ағарту инженері Әсем Көбенова Семей ТV телеарнасына интервью беріп, осындай іс-шараның куәгері болған құрметті қонақтар атынан «Тау-Дала» филиалының Аягөз орманшылығына алғысын білдірді.
Табиғи кешендер мен объектілерді өсіру және табиғатты пайдалану бөлімі басшысының м.а. Әли Смағұлов.