19-сәуір күні «Парктер шеруі – 2023» халықаралық табиғатты қорғау акциясы шеңберінде Экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен ұлттық парктің мұражай-кабинетінің лентасы кесіліп, ашылу салтанаты болып өтті. Келген қонақтардың ішінде ұлттық парк қызметкерлерін қоса алғанда, Үржар аудандық музейінің директоры С.Туғанов пен Абай облысының кәсіпкерлер палатасының Үржар аудандық филиалының директоры Л.Шиянов, Жастар ресурстық орталығы мен Уақыт тынысы редакциясының қызметкерлері, сондай-ақ Б.Момышұлы орта мектебінің жас орманшылар одағы мен жетекшісі Ж.Абдирова болды.
Мұражай-кабинеті ішінде қонақтар осы уақытқа дейін өткізілген «Парктер шеруі» акциясына қатысқан балалардың қолөнер еңбектерін көріп, 3Д карта арқылы ұлттық парктің 4 туристік маршруттарымен танысып, көрікті жерлерін тамашалағаннан кейін ұлттық парк директорының м.а. Қ.Сәрсембаев Б.Момышұлы орта мектебінің жас орманшылар одағын және тәлімгері Ж.Абдированы «Парктер шеруі – 2023» халықаралық табиғатты қорғау акциясына белсене атсалысып жүргендері үшін алғыс хатпен марапаттады.
Қонақтар соңында тілектерін білдіріп, алған сезімдерін жасырмай, өз ризашылықтарын айтып тарқасты.