«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан фототұзақтағы материалдарды камералдық өңдеу барасында күндізгі уақытта Түркістан сілеусіні (Lynx lynx isabellinys Blyth, 1847) түскені анықталды.
Сілеусін өте сақ жануар, сондықтан оны фотоаппаратқа суретке түсіру өте қиын. Оның Қазақстан аумағында 3 түр тармағы (еуропалық, Алтай және Түркістан) кездеседі. Олардың таралу аумағы шағын алқапты қамтиды әрі саны да аз болғандықтан, Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының және Қазақстанның қызыл кітабына (2010) тіркелген. Сілеусіннің еуропа түр тармағы – орталық Қазақстанда, Алтай түр тармағы – оңтүстік Алтай тау сілемдерінде, ал Түркістан түр тармағы еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс алқаптарындағы тау тізбектерінде және «Тарбағатай» мемлектік ұлттық табиғи паркінің таулы аймақтарында мекендейді. Аталмыш жануар– мысық тұқымдасына жататын жыртқыш. Дене тұрқы 87–104, құйрығы 20-31 см, салмағы 13-23 кг.
Сілеусін былайша ұқсастығы онша болмағанымен кәдімгі үй мысығының бір туысы. Сілеусіннің құлағында қылшықты шашағы, ал екі ұртында сақалы болады. Тырнақтары мен тістері жақсы дамыған әрі өткір болып келеді. Көзі өте қырағы, есту қабілеті де жақсы дамыған. Жүрген кезде ешбір дыбыс байқалмайды. Қатты секірген кезде 3,5-4 метр қашықтықты қамтиды. Қорек іздеген кезде тәулігіне 10-15 шақырым жерге бара алады.
Сілеусін екі жаста жыныстық жағынан жетіледі. Ақпан айының соңында бір айға жуық ұйығады да буаздық мерзімі 67-74 тәулікке созылып, жылына бір рет 2-3 күшік туады. Күшіктері алғашында соқыр, әлжуаз болады. Екі айдай тек ана сүтімен қоректеніп тез жетіледі де, одан соң өз бетінше қоректене алады. Күшіктеріне аталығы да, аналығы да бірдей қамқорлық жасайды, қорек ұстауға үйретеді. Сілеусін көбіне ағаш тамырларының қуыстарына немесе таса жерлерге жасырынып жататын орын (жатақ) әзірлейді. Жатағының ішіне қураған шөп, қауырсын, жүн қалдықтарын төсеп ыңғайлап алады. Сілеусін көбінесе қояндарды, еліктерді, түлкілерді, арқар төлдерін, шіл, құр, т.б. жануарларды аулайды. Сілеусін көбіне өзіне қолайлы ағаш басына шығып, аңдып жатып, жақындап келгенде оқша атылып, секіріп ұстайды. Кейде қорегінің біраз бөлігін қор ретінде сақтайды. Кейде өлекселермен де қоректенеді.Сілеусіннің негізгі жауы аю, барыс, қасқыр.
Ғылыми қызметкер Шәріпқанова Айгерім Дәукенқызы.