«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің жедел топ инспекторлары 2023 жылдың 28-қыркүйегінде рейдтік іс-шаралар барысында, таңғы сағат 07:05-тер шамасында «Тарбағатай» МҰТП РММ-нің аумағына қарасты Қызылту ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан «Алабие» учаскесінде, аңшылық мылтықпен қаруланған 2 ер азамат аюға тұзақ құру кезінде ұсталды.
Анықтау барысында 1963 және 1954 жылы туылған екі азаматтың Үржар және Қазымбет ауылдарының тұрғындары екендігі анықталды. Тексеріс кезінде заңбұзушылардың ешбір құжаты жоқ, бірақ 1 дана ИЖ-26 маркалы 12-калибрлі, тегіс қосұңғылы, 1 дана ТОЗ-66 маркалы 12-калибрлі тегіс қосұңғылы, 1 дана ИЖ-17 маркалы, 16-калибрлі, тегіс бір ұңғылы аңшылық мылтықтары 12 дана оқтарымен қоса 2 дана тростан жасалынған, аюға арналған тұзақ, 1 дана тростан жасалған, борсыққа арналған тұзақ, 1 дана қақпан тәркіленді.
Аңшылық мылтықтары және басқа тәркіленген айғақ заттар заңсыз болғандықтан Абай облысы Полиция департаменті Үржар аудандық полиция бөліміне жолданып, № 23104603000276 (ЕРДР) хабарламасымен тіркелді.
Жоғарыда аталған азаматтар ұлттық парк территориясында ұсталғандықтан, ӘҚБК-нің 380-бабы бойынша 2 хаттама толтырылып, айыппұл салынды және 382-бабының 3-бөлігі бойынша 2 хаттама толтырылып, Үржар аудандық сотына жолданды.
Баспасөз хатшысы Ә.Көбенова.