«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында омыртқалы жануарларының 376 түрі, оның ішінде балықтардың – 19, қосмекенділердің – 2, бауырымен жорғалаушылардың – 23, құстардың – 272, сүтқоректілердің – 60 түрі бар. Мемлекет аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануарлардың 41 түрі, яғни бауырымен жорғалаушылардың 1 түрі, қосмекенділердің 1 түрі, құстардың 33 түрі және сүтқоректілердің 6 түрі ұлттық парктің қорғауында.
Биыл қыс мезгілінде ұлттық парк аумағында мемлекеттік инспекторлар мен аңшылықтанушы мамандар бірлесе отырып аң-құстарды сақтап қалу үшін оларға 2 тонна жем-шөп, 1200 дана бұтақтық азықтар қойып, жануарлар қорын көбейтуге бағытталған биотехниялық іс-шаралар жүргізді. Ұлттық парк құрылғаннан бері жануарлар мен құстар саны көбеюде. Жоспарға сай жыл көлемінде қысқы, көктемгі, күзгі аң санағы жүргізіледі. Санақ барысында дрондар (БПА), фототұзақтар мен заманауй құрал-жабдықтар пайдаланылады.
Ұлттық парк аумағында аңшылыққа тыйым салынғандықтан, аңшылық шаруашылығы субъектілері орналаспаған. Заңсыз аң-құс атқан адамдар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiнің 337-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады. Сол себепті бұндай заңсыз әрекеттерден бас тартып, өлкеміздің табиғаты мен онда тіршілік ететін құстар мен жабайы жануарларды аялауға шақырамыз.
«Тарбағатай» МҰТП аңшылықтанушысы Берік Нұршайықов.