Қоңыр аю - аюлар тұқымдасына және жыртқыш сүтқоректілер қатарына жатады. Жаратылыстану-ғылыми негіздеме бойынша ұлттық парк аумағындағы кездесетін қоңыр аю – Тянь-шань қоңыр аюы деп белгіленген. Ұлттық парк аумағында қоңыр аю таулы аймақтарда кездеседі. Қоңыр аюдың ізі анықталған аумақтарда орнатылған фототұзақтардан күтілген нәтижелер алынды. Қалың ағашты, шөпті аумақтарда жазғы және қысқы жатақтары табылды. Тарбағатайда аю наурыздың соңы – сәуірдің басында қысқы ұйқыдан оянады. Маршруттарда аюдың әрекетінен ашылған құмырсқа илеулері мен төңкерілген тастар жиі байқалды.
Негізгі азықтары: алма, жабайы таңқурай, қойбүлдірген, қара және қызыл итмұрын, жәндіктердің дернәсілдері мен ағаш қабықтары. Көктемде суырларды алмақ болған орындар бақыланды (Әлемді шатқалында аю әсерінен қопарылған суыр індері бақыланды).
Көктемгі кезде аюдың алғашқы кездесуі күнбағысты және жүгері алқаптар болып табылды. Ал, ұйқыға кетуі қазан айының соңы мен қараша айының соңы аралығы.
Сипатына келер болсақ, қоңыр аюдың сыртқы көлемі және түсі өте ауыспалы болып кездеседі. Өте ашық түсті жүні, қысқа тұмсығы және ақшыл тырнақтары бар салыстырмалы түрде кішкентай қоңыр аюлар да және қара қоңыр жүні, айтарлықтай ұзартылған тұмсығы және үлкенірек өлшемдері бар қоңыр аюлар да кездеседі.
Назарларыңызға қоңыр аю туралы қызықты деректерді ұсынамыз:
- Қоңыр аю жиі жыртқыш деп саналғанына қарамастан, бұл мүлдем дұрыс емес. Оның қорегінің төрттен үш бөлігі өсімдік тағамдарынан тұрады.
- Қоңыр аюлар қысқы ұйқыға дейін шамамен 200 кг май қорын жинайды.
- Қоңыр аю ені 5-7 шақырымға жететін өзендерді жүзіп өте алады.
- Олар төмен түскеннен әлдеқайда жылдам жоғары көтеріледі, өйткені олардың артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан ұзынырақ.
1– сурет. Ұлттық парк аумағында орнатылған фототұзақ мәліметі.
Авторы: «Тарбағатай» МҰТП аңшылықтанушысы Берік Нұршайықов.