- Толығырақ
Мамыр айының 26-сы күні "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің "Бақты" орманшылығының мемлекеттік инспекторлары Қарабұта ауылдық округінің әкімі Д.Бөлебаевтың және 5 шаруа қожалық басшыларының қатысуымен "Орман өрт қауіпсіздік шараларын сақтау" тақырыбында брифинг өткізді.
Брифингтің мақсаты - егін алқаптары мен мал жайылымдарында өрт қаупі маусымы қарсаңында тілсіз жауды болдырмау және оның алдын алу шараларын қарастыру.
Өрт – табиғатқа және адам өміріне үлкен қауіп төндіретін, алдын алмаса, орны толмас шығындарға алып келетін апат. Оны жайдан-жай «тілсіз жау» деп атамайды. Өйткені ол еш ескертусіз, әп-сәтте лап етіп, үлкен аумақты шарпып кетуі мүмкін. Орман және дала өрттері табиғатқа зор зиян келтіреді. Себебі, аумағымыз жануарлар мен құстардың мекені, ал бізді таза ауамен қамтамасыз етіп отырған табиғатымыз өз алдына бір төбе.
Мемлекет пен қоғам тарапынан өртке қарсы шаралар қолға алынып жатыр. Алайда әрбір адамның жеке жауапкершілігі – ең маңыздысы.
"Бақты" орманшылығының орман шебері: Әлішер Көксегенов.
- Толығырақ
23.05.2025 жылы "Тарбағатай" МҰТП" РММ-нің жедел тобының мемлекеттік инспекторлары М.Жақманов, Н.Бекболатов, Қ.Құсайынов Абай облысы бойынша Табиғатты пайдалану және реттеу басқармасы орман және аңшылық шаруашылығы жедел қимыл отрядының құрамымен бірлескен рейдтік іс-шара жүргізді.
Бірлескен рейд нәтижесінде әкімшілік аумақтан 2 дана вентиль ауы табылды. Ал "Тарбағатай" МҰТП" аумағында құқық бұзушылық орын алған жоқ.
Мемлекеттік инспектор: Қ.Құсайынов.
- Толығырақ
Ұлттық парк аумағына демалуға келетін адамдар табиғатпен етене байланыста болып, таза ауамен тыныстап, флора мен фаунаның ерекше сұлулығына куә болады. Алайда, мұндай жерлерде өрт қауіпсіздігі шараларын ескермеу орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.
Орман және дала өрттері тек табиғатқа ғана емес, адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлікке де қауіп төндіреді. Өрт салдарынан жылдар бойы қалыптасқан экожүйе жойылып, өсімдіктер мен жануарлар қырылады, ал кейбір түрлер мүлдем жоғалуы мүмкін. Оның үстіне, өрт сөндіру жұмыстары үлкен қаржы мен ресурсты талап етеді.
Демалушылар нені білуі керек?
1. Ашық от жағуға тыйым
Ұлттық парктер аумағында рұқсат етілмеген жерлерде от жағуға қатаң тыйым салынады. Бұл әсіресе жаз мезгілінде – шөп пен орман жапырағы құрғап, тез тұтанатын кезде – аса қауіпті.
2. Темекі мен сіріңке қалдықтары
Темекінің тұқылы немесе сіріңке қалдығы, егер толық сөндірілмесе, өрттің шығуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан темекі шегуден бас тарту немесе арнайы орындарда ғана шегу қажет.
3. Автокөлік қауіпсіздігі
Көліктің ыстық бөлшектері (мысалы, глушитель) құрғақ шөпке тигенде, өрт шығуы мүмкін. Сол себепті көлікті тек арнайы тұраққа қою керек.
4. Балаларға бақылау
Балаларға от пен оның қауіптілігі туралы түсіндіру өте маңызды. Олар сіріңке немесе оттықпен ойнамауы керек.
5. Қалдықтар мен әйнек бөтелкелер
Әйнек сынықтары линза рөлін атқарып, күн сәулесін шоғырландырып, шөпті тұтандыруы мүмкін. Сондықтан демалыстан кейін қоқысты жинап, өзімен бірге алып кету – әр азаматтың парызы.
Өрт шыққан жағдайда не істеу керек?
• Дереу ұлттық парктің 8 722 30 3 20 98 нөміріне немесе төтенше жағдайлар қызметіне (112 нөміріне) хабарлау;
• Өрт ошағынан барынша алыстап, қауіпсіз жерге көшу;
• Өз бетінше өртті сөндіруге тырыспау, тек қауіпсіз жағдайда ғана кішкене ошақты топырақпен көмуге әрекет жасау.
Табиғатты қорғау – бәрімізге ортақ міндет. Ұлттық парк аумағында демалу – рухани байытатын, денсаулыққа пайдалы іс, бірақ ол белгілі бір жауапкершілікпен қатар жүруі керек. Әр азамат өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаса, табиғатымыз келесі ұрпаққа сол қалпында жетеді. Табиғатқа қамқор болайық!
"Бақты" орманшылығының орманшылық басшысының көмекшісі: Абзал Әукенов.
- Толығырақ
22 мамыр күні "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде "Парктер шеруі - 2025" Халықаралық табиғатты қорғау акциясының жабылуы 600 адамның қатысуымен салтанатты түрде өтті.
Ұлттық парк директоры А.Серкебаев байқау жеңімпаздарын алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, салтанат концерттік бағдарламалармен жалғасын тапты.
“Парктер шеруі - 2025” Халықаралық табиғатты қорғау акциясының кубогын “І.Жансүгіров атындағы орта мектеп” КММ-сі иеленді!
Екі айды қамтыған акция барысында 5 байқау, 15 экологиялық акция, 5 көрме, 4 лекция, 3 семинар, 2 брифинг пен 2 жиын өткізілді. Барлық іс-шараға 3203 адам қатысты. Жалпы алғанда ШҚО мен Абай облысынан 4 аудан (Зайсан, Тарбағатай, Мақаншы, Үржар аудандары) жұмылдырылды.
Акцияны қорытындыласақ:
* 18 мектеп оқушылары 50 құс ұясын жасап, ағаштарға ілді;
* Отырғызылған жасыл желек (терек, алма) көшеттерінің саны - 1230 бірлік;
* Ұлттық парк аумағының 25,5 га жерінен 0,95 тонна қоқыс пен әкімшілік аумақтың 24,5 га жерінен 0,85 тонна қоқыс жиналып, ұлттық парк техникасымен қоқыс полигонына шығарылды.
Осындай экологиялық іс-шаралар жыл көлемінде де жалғасын таппақ!
- Толығырақ
Мамыр айының 20-сы күні “Парктер шеруі - 2025” Халықаралық табиғатты қорғау акциясы мен “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасы шеңберінде “Мақаншы” орманшылығының мемлекеттік инспекторлары Ұлттық парк аумағында орналасқан Қатынсу өзенінің бойында "Таза өзен, таза жағалау" экологиялық акциясын өткізді.
Акция барысында мемлекеттік инспекторлар өзен бойын қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Акция нәтижесінде 0,5 га жер тазаланып, 0,2 тонна қоқыс жиналып, қоқыс полигонына шығарылды.
Жалпы алғанда "Таза өзен, таза жағалау" экологиялық акциясы қоршаған ортаны керексіз қалдықтардан тазартуға көп септігін тигізуде. Сондықтан, осындай сенбілік жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ! Себебі, туған жер табиғатын таза ұстау бәрімізге ортақ міндет. Осыны жергілікті тұрғындар түсініп, қоршаған орта тазалығын сақтауға үлестерін қосады деген сенімдеміз.
“Мақаншы” орманшылығының мемлекеттік инспекторы: Ерлан Жұмағұлов.
- Толығырақ
21 мамыр күні Мақаншы ауданы, Мақаншы ауылының Әсет Найманбаев атындағы мұражайында 22 мамыр - Халықаралық биологиялық әртүрлілік күніне орай “Ғажайып Тарбағатай” тақырыбында конференция мен көрме өткізілді. Іс-шараға жалпы саны 40 адам қатысты.
Халықаралық биологиялық әртүрлілік күнінің басты міндеті – Жер бетіндегі флора мен фаунаның көптеген өкілдерінің қайтарымсыз жойылып кетуі және экологиялық жүйелерді сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару.
Экологиялық ағарту инженері: Ә.Көбенова.
- Толығырақ
Ағымдағы жылдың 19 мамыры күні "Тарбағатай" МҰТП қызметкерлері “Парктер шеруі - 2025” Халықаралық табиғатты қорғау акциясы мен “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасының жоспарына сәйкес аудан орталығында "Табиғат тазалығы - адамзат амандығы!" атты экологиялық сенбілік жұмыстарын өткізді.
Бүгінгі сенбілік аясында жол жиектеріндегі талдардың түбі әктеліп, бей-берекет тасталған қоқыстар тазаланып, ұлттық парк техникасымен қоқыс полигонына шығарылды.
Акцияның басты мақсаты - жасыл желектерді көркейту, қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту.
Аталмыш игі шара алдағы уақыттарда да жалғасын таппақ!
Экологиялық ағарту инженері: Әсем Көбенова.
Серкебаев Айдын Серікұлы
«Тарбағатай» мемлекетік ұлттық табиғи паркі» РММ директоры